Атырауда "Құрмет" орденінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық білім академиясының академигі, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан Ғалымжан Нұрышев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды atpress.kz.
Көрнекті қоғам қайраткері бұл үйде 1995 – 2004 жылдары аралығында тұрған екен.
Шараға ғалымның туыстары, әріптестері, дос жарандары және қала тұрғындары қатысты. Тақтаның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ғалымжан Нұрышевтың кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттерін тілге тиек етіп, оның өмір жолынан кейінгілерді үлгі алуға шақырды.
Сонымен қатар, жиында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әнес Бисенұлы, ақын, жазушы Қадыр Жүсіп жиылғандарды естелік тақтаның ашылуымен құттықтады.
Бұдан соң, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде профессор Ғалымжан Нұрышевты еске алуға арналған "Жақсының жарығы өшпейді" атты "дөңгелек үстел" өтті.