Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында академиялық ескек есуден Азия кубогы өтіп жатыр. Құрлықтағы маңызды додада қазақстандық спортшылар екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды, деп жазады Олимпиада комитетінің ресми сайты.
26 маусымда басталған кубок бәсекесіне Азияның айтулы командалары жиналған. Қазақстан құрамасының мүшесі Александра Опачанова алтын медаль жеңіп алса, жұптасып өнер көрсетуден Мария Пойда мен Алина Мочулаға тең келер ешкім болмады. Ал ерлер арасында жұптасып сынға түскен Евгений Васильев пен Михаил Таскин қола жүлдегер атанды.
"Команда жақсы өнер көрсетуде. Әзірге, үш медаль жеңіп алдық. Ертең тағы үш рет жүлдеге таласатын боламыз. Бұл додада Гонконг, Оңтүстік Корея, Вьетнам командалары өте жақсы нәтиже тіркеп жатыр. Жарыс өз жерінде өткен соң, кореялықтар бірнеше команданы бәйгеге қосқан. Ал Вьтенам құрамасында еуропалық мамандар жұмысқа тартылған. Сол себепті, олардың деңгейі әлдеқайда өскен. Ал біз үшін ең басты қарсыласы – Өзбекстан құрамасы болып тұр. Олар бір алтын алып үлгерді. Азиядағы өте мықты командалардың бірі", - дейді академиялық ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Анна Белоногова.
Бас бапкердің айтуынша, Азия Кубогы Жазғы Азия ойындарының алдындағы ең үлкен дайындық. Осы сында отандық спортшылар мен қарсыластардың қарқыны белгілі болмақ.
"Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол біз үшін биылғы жылдың басты додасы. Азия ойындарында алтынға таласу қиын болады, себебі, Қытай ең мықты команда саналады. Десе де, біз жүлде алу үшін бар күшімізді саламыз", - дейді бас бапкер.
Ертең Қазақстан құрамасы тағы үш мәрте жүлдеге таласатын болады.