Академиялық процеске ашықтық қажет

1085

Сапа мен академиялық адалдық үшін күрес бастаған кез келген жоғары оқу орны адал бәсекелестік қана тиімді болатынын түсінеді.

Академиялық процеске ашықтық қажет

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жоғары оқу орындарының басшыларымен өткізген жиынында KAZGUU университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев осылай мәлімдеді деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Талғат Нәрікбаевтың сөзінше, жоғары оқу орындары үшін берілген академиялық әрі басқарушылық дербестік білім жүйесіне заман талабына сай жаңашылдық енгізуге мүмкіндік береді.  

"Адал бәсекелестік базалық ережелерді сақтау және сапа стандарттары мен этикалық нормаларды бұзбау дегенді білдіреді. Егер мемлекет адал бәсекелестік  талабымен қамтамасыз етпесе, онда тәртіпсіздік орын алады", – деді Талғат Нәрікбаев.

Оның айтуынша, бұған дейін жоғары оқу орындарын тек табыс табу үшін ашқан кезеңдер болды. Бұл үдеріс білім жүйесіне кері әсер етті.

"Осындай жоғары оқу орындары жоғары білім саласы жайлы теріс түсінік 
қалыптастырады. Жоғары білімде кіріс тек жоғары білімнің өзіне жұмсалуға тиіс. Яғни оқу орнында қолайлы жағдай жасау, озық цифрлы шешім енгізу, еңбекақыны көтеру және басқа да негізгі мәселелерге бағытталғаны дұрыс", – деді Талғат Нәрікбаев. 

Басқарма төрағасының пікірінше, оқу процесі мен бизнес процесті цифрландыру үнемі қаржылық мүмкіндікке байланысты бола бермейді.

"Бастапқыда сапалы әрі терең аудит пен хронометраж жүргізілсе жеткілікті. Бұл бастама жоғарғы оқу орнында қандай проблема бар екенін, қай жерде нәтиже бұрмаланатынын түсінуге мүмкіндік береді. Академиялық процесті цифрландыруға қарсылық танытқандар көбіне ашықтық болғанын қаламайды. Себебі білімді бағалаудың, өтінімді қарау мен шешім қабылдаудың әрбір кезеңі баршаға көрініп тұрады және базада сақталады", – деді Талғат Нәрікбаев.

Қанат Махамбет 

Фото: weproject.media 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу