Белгілі қазақстандық режиссер әрі продюсер Ақан Сатаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасының келешегі туралы өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгін "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында біршама жоспарлар талқыланды. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сол себепті, нәтижені дәл ертең күтудің қажеті жоқ. Себебі, бұл жобалардың бәрі де болашаққа арналған. Оның нәтижесі еліміздегі әрбір азаматына байланысты болады", – деді режиссер "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссияның отырысында.
Оның айтуына қарағанда, мемлекет пен азаматтар бір-бірімен үзеңгілесе отырып, алға қарай қадам басуы керек.
"Барымызды бағалай білуіміз керек. Әлемде бәрі де алға қарай жылжып бара жатқан уақытта артқа қарайлай бергеніміз жарамайды. Әрбір азамат өз мемлекетінен бірдеңені күтіп отырмай, өз еліне не беремін деген ойды да ұмытпауға тиіс", – дейді режиссер.
Ақан Сатаевтың айтуынша, әлемдегі өзге елдердегідей Қазақстанда да кинематография саласының маңызы өте зор.
"Отырыс барысында қазіргі уақытта адамдардың, өкінішке қарай, аз оқып, көбіне тыңдауды және тамашалауды қолай көретіні айтылып қалды. Міне, сондықтан мәдениетте кинематография саласына баса көңіл бөлінеді. Осынау жұмысты жан-жақты жүргізу керек деп есептеймін", – дейді ол.
Режиссер өз сөзінде қазіргі таңда "Тұмар" фильмі бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
"Туынды монтаждау сатысына таяп қалды. "Тұмардан" бөлек, менің әріптестерім біршама тарихи фильмдерді түсіріп жатыр. Бірақ, алдағы уақытта басымдық тарихи оқиғаларға беріліп қана қоймай, қазіргі тарихымыз туралы туынды түсіруге ұмтылуымыз керек. Осылайша дұрыс басымдықтар мен мәдени құндылықтарды насихаттаймыз", – дейді режиссер.