Ақпаратты техникалық байқау орталықтарынан көрсеткіштердің бірыңғай базасына жөнелту жүйесіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды abctv.kz.
ҚР көлік комитеті автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін техникалық байқау орталықтарындағы бағдарламаларға анау айтқандай нақты талап қойылмайтын. Сондықтан компаниялар оны кез келген бағдарлама жасаушыдан сатып ала беретін. Бастысы көрсеткіштер компьютерге түсіп, міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық орталығына жөнелтілсе болғаны. Бұл ретте көрсеткіштерді еш қиындықсыз өзгерте беруге де мүмкіндік бар еді.
Бірыңғай ақпараттық жүйені жасаушылар жарты жыл бойы орталықтарда техникалық байқау үшін қолданылатын барлық бағдарламаны зерттеп, сараптаған. Сараптаманың қорытындысына сүйенсек, тек 6 орталықтың ғана нақты талапты орындайтыны анықталған. Ал қалғандары деректерді қажетіне қарай өңдеп, клиенттермен "келісе" берген.
Енді техникалық байқаумен айналысатын кәсіпкерлер тек рұқсат етілген бағдарламаларды ғана пайдалана алады.
Рұқсат етілмеген бағдарламалар көлік комитеті тарапынан қатаң бақыланады. Мұндай бағдарламаларды пайдаланатындар жазаланады.