Қайынжұртын қырып салған "күйеубалаға" үкім 2026 жылдың 14 шілдесінде шыққан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық денсаулық орталығындағы ем-домынан кейін балаларымен кездескенін Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятова айтып берді.
Оның сөзінше, науқас Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап, артынша медициналық мекемеден шығарылған. Ол балаларын екі мәрте барып көрген.
Десе де, Ақбаян Мұқанғалиеавның ем-домы әлі де жалғасуы ықтимал. Туған-туыстарының пікірінше, ол психикалық денсаулық орталығына қайта барады және 10 күн ем қабылдайды.
Қазір оның төрт перзенті – 10, 8, 5 және 4 жастағы балалар. Олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Ал бір жарым жастағы ұлы мамандандырылған бөбектер үйінде.
Орталық директоры Ақбаян Мұқанғалиеваның ем процесінің келесі кезеңінен өткен соң ғана жағдайы қайта бағаланатынын айтады. Егер денсаулығы жақсарса, балаларын өз қамқорлығына алу мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін. Орталықта балалардың денсаулық жағдайы – қанағаттанарлық, эмоционалдық ахуалы тұрақты саналады.
Үлкен балалары оқуын жалғастыруда. 10 жастағы қызы 4-сыныпта, 8 жастағы ұлы 3-сыныпта оқиды. Мұғалімдер балалар орналасқан орталыққа арнайы келіп, сабақтарды бекітілген кесте бойынша өткізіп жүр.