Әке мен бала 20 жылдан кейін қауышты

512

Павлодарлық пробация инспекторлары 20 жыл көріспеген әке мен баланың қауышуына жәрдемдесті.

Әке мен бала 20 жылдан кейін қауышты Фото: fotovmire.ru

Сотталушы көп жылдар бойы көрмеген ұлымен кездесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты  Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Железин ауданы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 50 жастағы сотталушы ҚАЖ қызметкерлеріне әдеттен тыс өтініш білдірген.

"Сотталушы 20 жыл бұрын ұлы дүниеге келгенін айтып берді. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткеннен кейін, бұрынғы әйелі қалаға кетіп қалды. Содан бері ол хабарласпаған. Ер адам баласын тауып беруді өтінді. Пробациялық бақылау аясында біз туыстарды табу үшін мұндай жұмыстарды жүргізбейміз. Бірақ біз алдымен жігітті тауып, оның әкесімен сөйлесуге ниеті бар жоғын сұрауды жөн көрдік, – деді пробация инспекторлары.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам әлеуметтік желіде тіркелмегендіктен, туған ұлының тек аты-жөнін ғана білген.

"Екі айдан кейін жігітті таптық. Ол соңғы екі жылдан бері әкесін іздеп жүргені белгілі болды. Бірақ әкесі тұрғылықты жерін ауыстырғандықтан, іздеу қиынға соққан",– деді Железин ауданы бойынша пробация қызметінің инспекторы Мақпал Темірханова.

Алдымен әкесі мен баласы телефонмен сөйлесті, кейін пробация қызметкерлері оларға кездесу ұйымдастырды. Сотталушы бұл кездесуді 20 жыл күткенін және өмірде жаңа мән-мағына тапқанын жеткізді. Ол пробация қызметкерлеріне ұлын іздеуге атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Ер адам болашақта қалаға көшіп, ұлымен жиі кездесуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу