Әкелердің бала күтімінде отырған уақыты еңбек өтіліне қосылады

144

Бүгін сенаторлар тиісті заңды қабылдады.

Әкелердің бала күтімінде отырған уақыты еңбек өтіліне қосылады Фото: ЖИ

Сенат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сенатор Руслан Рүстемовтің айтуынша, заңның негізгі мақсаты – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, еңбекті қорғауды басқару жүйесінің және азаматтардың әлеуметтік қорғалуының тиімділігін арттыру. Заң қолданыстағы Еңбек кодексіне, Әлеуметтік кодекске, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Рұқсаттар және хабарламалар туралы, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Еңбек кодексіне:

  • қызметкерлерге диеталық емдік және диеталық профилактикалық тағам өнімдерін беру шарттары мен нормаларын бекіту бөлігінде еңбек жөніндегі уәкілетті органның құзыретін кеңейту; 
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шартта еңбек қызметіне тән кемінде бір айрықша белгі болған жағдайда жеке тұлғамен мұндай шарт жасасуға тыйым салу;
  • ұйымдағы тиісті кәсіп, лауазым бойынша ең жоғары және ең төменгі жалақы мөлшерлері арасындағы жол берілетін арақатынасты ұжымдық шартта белгілеу;
  • еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды қоса алғанда, төлемдер туралы ережелерді ұжымдық шартқа енгізу;
  • өндірістік жазатайым оқиғалар орын алу жағдайында қызметкердің кінәсінің дәрежесін анықтауда жазатайым оқиғадан зардап шеккен қызметкердің кінәсі 25 пайыздан аспауы керектігін бекіту;
  • еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынуын белгілеу енгізіледі.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" ҚР заңы Мәслихаттардың Үлгілік ережелер негізінде "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретпен толықтырылады.

Сонымен қатар, ҚР Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің жас балаларға күтім жасаған уақытын еңбек өтіліне есептеуге қатысты нақтылаулар енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу