Әкім халқы аз Шилісай ауылында 1000 орындық мектеп неге салынып жатқанын түсіндірді

192

Өңір басшысы кезінде құрылыс басталғандықтан, оны аяқтауға тиіспіз деп отыр.

Әкім халқы аз Шилісай ауылында 1000 орындық мектеп неге салынып жатқанын түсіндірді Фото: yandex.kz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтағы мектеп тапшылығы қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер өңір басшысынан Ақтөбе облысындағы Шилісай ауылы мен Қандыағаш қаласындағы құрылысы ұзаққа созылған екі мектеп қашан пайдалануға берілетінін сұрады. Сондай-ақ Шилісайға 1 мың орындық мектеп қаншалықты қажет болды деп нақтылады.

"Бұл кезінде қабылданған шешім. Құрылыс басталғаннан кейін, біз оны аяқтауға тиіспіз. Сондай есеп болған шығар. 2 мыңнан астам жер учаскесі кезінде берілді, бірақ қазір 100-ден астам үй салынып, ол жерде 100-ге жетпес бала бар. Бүгінгі таңда ауыз су тартып жатырмыз, жол мәселесі де өзекті болып отыр. Бұл мәселелер шешімін тапқан соң үйлер салынады да, болашақта аталған мектеп балалармен толықтай қамтылады деп ойлаймын. Шилісай мектебіне келсек, оны көктемде аяқтаймыз деп жоспарладық. Мердігерге жылдың аяғына дейін деген талап қойып отырмыз, бірақ ол жұмысты әлі де баяу жүргізуде. Бұл іс жеке бақылауымда. Қандыағаштағы Самал мөлтек ауданына былтыр барып, өзім қарадым. Мердігер өзінің уәдесін берді, бірақ әлі де жұмыстар жоқтың қасы деуге болады. Келісімшарт та бұзылып, басқа мердігер анықтап, келер жылы аяқтаймыз деген жоспар бар", – деді Асхат Шахаров тілшілердің сауалына берген жауабында.

Ақтөбе облысы әкімінің дерегінше, биыл облыста 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 

"Ал жыл соңына дейін тағы 2 мектеп құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Алдағы жылдары 11,4 мың оқушыға арналған 14 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосамыз. Бұған қоса шалғай ауылдарда жергілікті бюджет және басқа қаржы көздерінен 4,6 мың орындық 15 мектеп салынады", – деді облыс әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу