Әкім мен кәсіпкерлер арасында туындаған не дау?

511

"Әкімнің кәсібіне кедергі келтіргеніміз үшін, жерімізден қуып жатыр!" Осылай деп бір топ тараздық кәсіпкер арыз арқалаған. Сөзінше саябақтан жер беріп жайғастырған әкімдік енді жылы орнымызды тартып алмақ дейді. 

Әкім мен кәсіпкерлер арасында туындаған не дау? Фото: Энерджи-Тараз

Тар жерден табыс тапқандар талапқа көнбесе айыппұл арқалайды екен. 

Даудың басы "Жеңіс" саябағынан шықты. 20-ға жуық кәсіпкер әкімдік әрекетін түсінбей дал. Олар осында келген халыққа ойын-сауық қызметін ұсынады. Сөзінше шаһар басшылығы былтырдан бері аумақты босатыңдар деп қыспаққа алыпты. Арызданушылар мұны қала әкімінің отбасылық кәсібімен байланысты ма деп күдіктенеді. 

"Өздері бөліп берді. Айдын Алтай ЖКХ бастығы кеше келіп бізді қуды. Сіздергеайыппұл  саламыз деді. Былай айтқанда "Менің бастығым бұл мәселені шеше алмай жатырсың ба? Бұл жерді алып таста деп айтты", менің бастығым әкім деді", дейді кәсіпкер Назкен Сабырова.

Табыс тауып отырған кәсіпкерлер атракционды несиеге алған. Тәулігіне 10-15 мың теңге пайда тапса керек. Аалайда мұның өзі уақытша. Себебі, бұл қызметке сұраныс тек күн жылынғанда болады. 

Кәсіпкерлерді әкімдік саябақтың өзге аумағына көшірмек. Бұл қауіпсіздік амалы үшін. Өйткені іскерлер нақ автотұраққа жайғасқан.  Кедергі мен шағым көбейген соң, өзге маңнан жер беріпті.  

Жағдайдың ушығуына негізі инвестор себеп. Өйткені әкімдік "Таңдамалы" серіктестігімен 2019-шы жылы келісімге келген. Қалталы азамат біркелкі сәулетпен атракцион салуы тиіс еді. Сайып келгенде талап орындалмады. Сөйтіп әкімдік сот арқылы берген жерді кері қайтарып алған. Ал кәсіпкерлер иесіз қалғандай.  

"Жасыл ел Тараз" ЖШС-мен келісім-шартқа тұру керек. Ол ойын атракциондарының сертификаты болуы керек. Бұл заңда белгіленген. Басым бөлігінде сертификат жоқ", дейді Қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил. 

Ал шаһар басшысы кәсіпкерлер дауы отбасылық бизнеске еш қатысы жоқ деп сендірді. Бұл алып-қашпа әңгіме дейді.   

"Ол шындыққа жанаспайды. Екіншіден ол қала тұрғынына қызық емес. Біз ешкімді ол жерден қуып жатқан жоқпыз. Автотұрақтың мақсаты  автотұрақ", деді Қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Не болса да шаһар билігі кәсіпкерлермен бірігіп, түбінде атракциондарды көшірудің амалын қарастырады.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу