"Әкім сөйлеседі": Қарағандыда жүздеген тұрғын сусыз қалмақ

426

15 қыркүйектен ауызсу тоқтатылады.

"Әкім сөйлеседі": Қарағандыда жүздеген тұрғын сусыз қалмақ Фото: Ашық дереккөзден

Осындай хабар Қарағандының 500-ден астам тұрғынына жеткен. Енді тіршілік нәріне зар боламыз ба деп алаңдаған жұрт су мұнарасының алдына жиналып шу шығарды. Ал, бұл хабарды тұрғындардан естіген билік аң-таң. Неге?

1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан су мұнарасы кеңес Одағының тұсында жекенің меншігіне өтіп кеткен. Десе де, үлкен Михайловка ауданы халқына су бүгінге дейін осы жерден беріліп келді. Алайда, "15 кыркүйектен су беру тоқтатылады" деген хабар тұрғындардың ашуын тудырды.

"Он бесінде жабады дейді. Жапқаннан кейін қалай отырасын?! Сабақ басталады. Баланың тамағы бар, кірін жуу керек. Кім су береді?  Қайдан тасисың? Ешкім бермейді. Қазір құдықтың өзінде су жоқ", - дейді Риза Маханова

Ал су мұнарасының маңына жиналған қарашаның бұл мәселесін естуге қала әкімі құлық танытпады. Нөкерлерін жіберіпті. Аң-таң болған шенді тұрғындарға мардымды жауап айта алмады.

"Водонапор басшысымен кездесеміз. Кім екенін де білмейміз. Көзімізбен көрген жоқпыз. Сіздер сияқты білмейміз бұның кім екенін. Кездесеміз, айтамыз, халықты шулатпа, қысқа қарай халықты сусыз қалдырма деп. Әкім сөйлеседі", - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Жанболат Тоқмұрзин.

Ал, әкімшілік танымайтын кәсіпкер болса, билік өкілдерін керісінше танитын болып шықты. Ол қала билігіне суды тоқтататынын былтыр ескертіпті. Айтуынша, бұдан былай суды халыққа тарату тиімсіз. Себебі, жүйенің барлығы әбден ескірген.

"Бізде барлық су жүйесі тозған. 1937 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сол себептен біз былтыр суды тоқтатуды жоспарлағанбыз. Бірақ, халықтың жағдайына қарап, биылға қалдырдық. Әкімшілікке ескерткенмін. Сондықтан бізге өкпелеудің қажеті жоқ", - деді "ҚазӨмір" ЖШС директоры Владимир Сероухов.

Енді қыстың қамын жазда ойламаған әкімдік су жүйесін күзде тартпайтыны айдан анық. Сондықтан 500-ден астам тұрғынды сусыз қалдырмау үшін, қазір кәсіпкермен келіссөз жүргізіп жатыр. Оның қандай нәтиже берері, тіпті берер-бермесі әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу