QAZBILIM.KZ оқу орталығының директоры, химия пәнінің мұғалімі Аятжан Ахметжан білім саласындағы біраз олқылықтарды атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Adal Adam youtube арнасына сілтеме жасап.
Министрлік шалғай өңірлердегі мектептерді бақылап отыруға шамасы жетпейді, деді педагог.
"Бұл министрліктің қатесі дей алмаймын. Бұл таза жергілікті атқарушы органның жұмысы. Алайда біздің әкімдік өкілдері, өзі атқарғысы келмеген шаруаны мектеп әкімшілігіне артып қояды. Министрлік елдегі бүкіл мектепті түгендеп отыра алмайды ғой. Мәселен шалғай ауылдағы жағдайы төмен отбасыларды министрлік емес, әкімдік біледі. Соған сәйкес, аз қамтылған отбасыларды киіммен, тамақпен үлестіріп отыру керек. Алайда оның бәрін мектептің мойнына іліп қояды", - деді Аятжан Ахметжан.
Сондай-ақ, ол мектеп директорлары атқаруы тиіс кейбір жұмыстарды орындай алмай жатқанын айтты.
"Мәселен директорлар мұғалімнің сабағына рұқсат сұрамай кіруі дұрыс емес дейді. Алайда бұлай айтудың өзі дұрыс емес дер едім. Өйткені, мұның бәрі педкеңесте ашық айтылуы керек, директор әрбір мұғалімнің сабағын қадағалауы мүндетті, сондықтан сабақтарға шамасы келгенше кіріп, бақылап отыруы керек деп ойлаймын", - деді педагог.