Техникалар таңнан бері тазалап үлгере алмауда. Бес күн бұрын баспасөз мәслихатын өткізген жергілікті шенділер, биыл қар тазалауға 1 млрд 400 млн теңге бөлінген. 220-дан аса техникамыз бен 180-нен артық жұмысшымыз сақадай сай деген еді. Әйтсе де, табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай жатқан сыңайлы.
Синоптиктердің есебінше өткен түнде Павлодар қаласын екі аптада жауатын қар басып қалған. Облыстың кей жерлерінде желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетіп, боран соққан.
"Бүгін түнде Павлодарда 9 милиметр қар түсті. Кеше кешкіден бері есептейтін болсақ жарты айдың нормасын жауып тастады", дейді "Қазгидромет" РМК ПОФ Метеоболжам бөлімінің басшысы Оксана Овсянникова.
Биыл қала көшелерін қардан тазартып күтіп ұстау үшін қала қазынасынан 1 млрд 400 млн теңге бөлінді. Жұмыстарды атқару екі мердігер компанияның мойнына жүктелген. Оларда 228 техника мен 200-ге тарта жұмысшы бар.
Бес күн бұрын брифинг өткізген тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, қар жауса тәулік бойы тынбай тазартуға дайынбыз деген болатын.
"Егер қар жауатын болса борандар бір жағдайлар болатын болса мердігер ұйым тәулік бойы жұмыс жасайды. Таңғы жетіден кешкі сегізге дейін, кешкі тоғыздан таңғы алтыға дейін жұмыс істейді. Барлық қажетті техникалар бүгінгі күні біздің мердігер ұйымдардың теңгерімінде бар. Сонымен қоса жанар-жағармай қоры көктайғаққа қарсы материал қоры жеткілікті", дейді Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арслан Қалиақпаров.
Қардың қалың жауғаны да Павлодар үшін қыруар ақша болып тұр. Келер жылы Кереку көшелерін тазартып күтіп ұстауға бөлінетін қаражат екі есеге ұлғаймақ. Бұл мақсатқа бақандай 2 млрд 800 млн теңге жұмсаймыз дейді.
Есенбек Санатұлы