Әкімдік жастарға тұруға жарамсыз үй үлестірген

557

Шымкент билігі жастарды баспанамен қамту бағдарламасы бойынша азаматтарға тұруға жарамсыз пәтер үлестірген. Салдарынан мегаполисте қазір 300-дей жас әр жерде бас сауғалап жүр. 

Әкімдік жастарға тұруға жарамсыз үй үлестірген Фото: Gov.kz

Оларға жыл басында берілген арендалық үйлерге әлі күнге дейін инженерлік жүйелер тартылмаған. Соған қарамастан үй алған азаматтар жыл басынан бері пәтердің жалдау құнын төлеп отыр. 

Бозарық мөлтек ауданындағы бес қабатты тоғыз үйде бас-аяғы 360 пәтер бар. Бұл үйлердің құрылысы құжат бойынша өткен жылы бітіп жаңа жылдың тұсында жұмыс істейтін жастарға берілген. Бірақ мұндағы жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана аяқталған сыңайлы. Өйткені үйлерде не жылу, не су не көгілдір отын жоқ. 

Соған қарамай әкімдік жастарды баспанамен қамту бағдарламасы бойынша конкурс өткізіп азаматтарға үйлерді үлестіріп жіберген. Келісімшартқа отырған кезде баспаналар қажетті инженерлік жүйелерге бір аптаның ішінде қосылады деп уәде берген. Алайда сөз берілгелі арада апта емес ай өткен.   

Бұл баспаналарды 35 жасқа дейінгі жастар конкурс арқылы жеңіп алған. Олардың көбі бұрынғы баспаналарын өткізіп, бүгінде өздерінің дүниелерін осында әкеп үлгеріпті. 

Жауапты мамандар болса барлығына құрылыс жұмыстарының сапасыз атқарылғаны себеп деп отыр. Айтуларынша, тоғыз үйдің сегізіндегі газ құбырлары алдын ала жүргізілген сығымдау жұмыстарына шыдамаған.

Проблеманы шешу үшін мердігер компанияға 10 күн уақыт берілген. Ол мерзім де әлдеқашан өтіп кеткен. Содан бері тек 20 пәтер ғана көгілдір отынға қосылыпты. Қалған үйлердің қашан желіге жалғанатыны белгісіз. Айтпақшы жаңа үйден пәтер алған азаматтар баспаналарының сапасы да сын көтермейтінін айтады. Айтуларынша, әсіресе терезе мен есік жақтауларынан жел үрлеп тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу