Серік Жұманғарин өткен аптада көкөністерге бағаның өсу қарқыны бәсеңдегенімен, тұрақтамағанын атап өтті. Демек, тұрақтандыру қорларынан нарыққа шығарылатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көлемі әлі де жеткіліксіз болып отыр.
Әкімдіктерге қорды қоймаларда ұстамай, көкөністерді сататын сауда нысандарының санын көбейте отырып, оларды үлкен көлемде нарыққа шығаруды тапсырамын, - деді Серік Жұманғарин.
Кеңес барысында Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков айтқандай, бүгінде өңірлердің деректері бойынша айналымға 56,2 мың тонна көкөніс жіберілді. 18,4 мың тонна көкөніс, оның ішінде пияз – 4,9 мың тонна, қырыққабат – 2,8 мың тонна, картоп – 7,0 мың тонна, сәбіз – 3,6 мың тонна сатылды. Өткен аптада сәбіз бағасы – 0,6%-ға, қарақұмық – 0,5%-ға, қант – 0,3%-ға, күнбағыс майы және тауық еті – 0,2%-ға төмендеді.
Сондай-ақ, Айдар Әбілдабеков делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматы мен Шымкент қалаларында комиссиялар тиімді жұмыс істеп келеді.
Кейінгі аптада Атырау облысында өңірлік комиссия "Атырау ПробСнаб" ЖШС-мен сары майдың көтерме бағасын 60%-ға төмендету туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қостанай облысында ірі өндірушілермен өңірдің ірі супермаркеттеріне тікелей жеткізу туралы шарттар жасалды, нәтижесінде делдалдар алынып тасталды. Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізушілерді талдау барысында сауалнама арқылы қырыққабатты сататын өнімсіз делдал анықталды. Қазір мұнда көкөністерді тікелей жеткізу шартын бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.