Әкімдіктің несиелерді негізсіз бергені анықталды

1228

Шенеуніктер мемлекеттік бағдарламаның талаптарын ескермеген. 

Әкімдіктің несиелерді негізсіз бергені анықталды

"Өңірлерді дамыту-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде тапшы мамандық иелері – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларының өкілдеріне баспана алуға қолдау көрсету қарастырылған. Мұндай мүмкіндік әкімдіктің арнайы шақыруы бойынша өзге өңірлерден келген мамандарға ғана берілуге тиіс. Соған қарамастан Павлодар облысындағы Баянауыл ауданының әкімдігі бұл талапты назарға алмай, 2018-2019 жылдары несиені оңды-солды үлестірген. Мысалы, осы жылдар аралығында Баянауыл ауданында тұрақты түрде тұратын мамандарға үй алуға бюджеттік несие бергені анықталды. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысына жеке баспана алуға да қаржы қарастырылыпты. Тіпті, жоғарыда аталған салалардың ешқайсысында жұмыс істемейтін тұрғынға бағдарлама аясында қаржылай қолдау көрсетілген. 

Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексерісі нәтижесінде белгілі болған олқылық бұл ғана емес. Баянауыл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі несиелерді беруін беріп, бірақ қазынаға қайтарылуын қадағаламаған болып шықты. 

"Өңірлерді дамыту-2020" бағдарламасы бойынша 2018 жылы 153,2 млн теңге, 2019 жылдың сегіз айында 100,9 млн теңге игерілген. Өткен жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша қарыз алушылар 16,9 млн теңгені уақытылы қайтармаған. Аудандық бөлім олармен бұл соманы бюджетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізуі тиіс еді. Бірақ 111 несие алушының тек біреуіне қатысты сотқа арыз берілген", – дейді тексеруші топ өкілдері. 

Аудит қорытындысы бойынша бөлімнің бұрынғы басшысының жұмысына қатысты материалдар Павлодар облысы бойынша тәртіптік кеңестің қарауына жіберілді. Алайда сол кезде бөлімді басқарған азамат біраз уақыт бұрын сырқат салдарынан көз жұмды. Ал мемлекеттік мекемеге қатысты қандай шара қолданылары әзірше белгісіз. 

Ажар Дәулетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу