Әкімшілік полицейлердің жалақысы көтеріледі

242

Жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу бойынша жұмыс басталды. 

Әкімшілік полицейлердің жалақысы көтеріледі Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылық күрес жөніндегі арнайы бөлімше құрылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл бөлімшеде істейтін инспекторлардың жалақы деңгейі төмен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ басшысы Ержан Сәденов мәселенің бар екенін мойындады.

"...Әрине, біз бұл мәселені қарап отырмыз. Қаржы болса, біз көтереміз. Тек қана осы бөлімшеге ғана емес. Бізде республика бойынша басқа 12 осындай бөлімшелер үй төлемдерін алса, 16-сы алмай отыр. Әркім өзінің құзыреті шегінде жұмыс істейді. Бірақ, меніңше, полиция саласында барлығының маңызы бар. Үкімет бұл мәселені біледі. Егер ұсыныс берсе, қолдаударыңызды сұраймын", – деп жауап берді министр.

Қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсенбекұлының сөзінше, жедел тергеу құрылымы мен өзге де қызметтердің, соның ішінде әкімшілік полицейлердің жалақы мөлшерінде теңгерімсіздік бар. 

"Үкімет үлкен жұмыс жүргізген болатын. Жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу бойынша жұмыс басталды. Бұл жұмыс екі кезеңмен жүреді. Сол жерде біз әкімшілік полицейлердің жалпы айлықтарын көтеріп, сонымен қатар міндетті үстемеақы төлеу арқылы олардың айлығын жедел тергеу құрамымен арасындағы алшақтықты азайтып жатырмыз. Сәйкесінше теңгерімсіздік жойылатын болады. 2025 жылы аталған бағытқа осы жаңа жүйені енгізу үшін мемлекеттік бюджеттен 165 млрд теңге көзделіп отыр. 2026 жылы 154 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Яғни, осындай алшақтықтың бәрі азайып, теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған жаңа жүйе енеді", – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс төрағасы министрді мақтаған депутаттың сөзін бөліп жібергенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу