"Әкімшіліктегілер джиппен жүреді...": Ақтөбеде ауыл тұрғындары жол азабын тартып отыр

327

Әйтеке би ауданының Тұмабұлақ ауылындағылар 45 шақырым жолды 5 сағат жүруге мәжбүр.

"Әкімшіліктегілер джиппен жүреді...": Ақтөбеде ауыл тұрғындары  жол азабын тартып отыр Фото: Inbusiness.kz

Тұмабұлақ ауылы– аудан орталығы Әйтеке биден  110 км жерде орналасқан. Ауылдағылар көктем мен күз түссе жол азабын тартады. Өмірі асфальт көрмеген жолда көлікпен жүру қиын. Әсіресе, жаңбыр жауған күні көліктері ми батпаққа батып жатады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Жолды айта-айта шаршадық. Кішкене жаңбыр болса, жүре алмай қаламыз. Қыста – екібастан қиын. Талай жолда қалған кезіміз болды. Жеңіл көліктің алдына трактор жүрмесе, батпақ жүргізбейді. Ал оны жалдау керек. Әкімдіктегілер келеді үлкен джиптермен, олар жүре алады, ал біздің көлікпен қозғалу мүмкін емес. Сол 45 км жерге ең болмаса, қиыршық тас төсеп берсе, қуанар едік", – дейді Тұмабұлақ ауылының тұрғыны Мұрат Рахетов.

Әйтеке би аудандық әкімдігі Тұмабұлақ жолының жағдайы нашар екенін растап отыр.

"Бүгінгі таңда Тұмабұлақ ауылына дейінгі көтерме жолдың төрт учаскесіне жобалық-сметалық құжаты дайындалды, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Облыстық салалық мекемеге барлық жол учаскесі бойынша құжаттары тапсырылды, қаражат бөліну мәселесі қарастырылуда", – деді Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуаналдық шаруашылығы, жолауышылар көлігі, автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Аманбек Мекетаев.

Айта кеткен жөн, Әйтеке би ауданында  Қарабұтақ-Қостанай республикалық автожолынан Сарат ауылына дейінгі тас жолға орташа жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Қазіргі сол  жолдың 22 шақырымына асфальт төселінді, сондай-ақ  қалған учаскелерде негіздемені төсеу жұмыстары бірге жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу