Аққуды тұншықтырып, итбалықты ұрып, итті қорлап жатқанын көрдік – Мағзұм Мырзағалиев

736

Жануарларды қорғау туралы заң жобасына сәйкес, жануарларға қатыгездік көрсеткен азаматтардың бас бостандығы 2 жылға дейін шектелуі мүмкін.  

Аққуды тұншықтырып, итбалықты ұрып, итті қорлап жатқанын көрдік – Мағзұм Мырзағалиев

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, адамдар тарапынан жануарларға не үшін қатыгездік жасалатыны түсініксіз. 

"Күн сайын әлеуметтік желілерде ақылға сыймайтын әрекеттер жарияланып жатады. Аққуды тұншықтырып, итбалықты ұрып, итті қорлап жатқанын көрдік. Бұған ұқсас фактілер көп. Сондықтан қылмыстық кодекстің 316-бабы ("Жануарларға қатыгездік жасау") бойынша жазаны күшейту қажет", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, айыппұл ұлғайып, қолданысқа бас бостандығын шектеу жазасы енгізілуі мүмкін. 

"Заң жобасы жақында мәжіліске жолданды. Депутаттар мен жануарларды қорғаушылар бірлесіп,  жануарларды қорғау туралы заң жобасын әзірледі. Оның жүзеге асуы жануарларға адамгершілікпен, жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етеді. Түрлі санаттағы жануарларға қарау бойынша жалпы және арнайы талап бекітіледі. Сонымен бірге жануарларға жасалған кез келген қатыгездік әрекетке қатысты жауапкершілік ілеспе заңда қарастырылған", – деді ол.

Айта кетейік, жаңа құжатта жабайы, үй, қызметтік және ауыл шаруашылығы жануарларына жасалатын қатыгездіктің алдын алу шаралары толық қаралған. Жануарларға ветеринарлық көмек, тиісті күтім жасау, ойын-сауықтық мақсатта пайдалану ережелері бекітілген. Жануарларға қатыгездік танытуға тыйым салынған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу