"Аккую" атом электр станциясы табиғи газ импортын азайтуға үлес қосады – Ердоған

1163

Кеше Түркия мен Ресейдің бірлескен жобасы "Аккую" атом электр станциясына алғашқы жанармай әкелу рәсімі өтті. 

"Аккую" атом электр станциясы табиғи газ импортын азайтуға үлес қосады – Ердоған Фото: Trthaber

Табиғи газ алаңына жаңа жанармайдың енгізілуімен "Аккую" ядролық нысан мәртебесіне ие болды. Екі ел президенттері салтанатты рәсімге бейнеконференция арқылы қатысты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі.

"Аккую" атом электр станциясы Түркияның Ресеймен бірлескен ең үлкен жобасы. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. "Аккую" -Түркияның энергия саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Аталмыш жоба Түркияның импорттық энергияға тәуелділігін азайтуды мақсат етеді.

Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, "Аккую" атом электр станциясы Түркияның электр энергиясына қажетті табиғи газ бен сұйық отынның барлығын дерлік, көмір отынының шамамен 30 пайызын импорттайтын Түркияның әсіресе Ресейге табиғи газға тәуелділігін азайтады және ағымдағы энергия тапшылығын жабуда маңызды рөл атқарады.

Түрік басылымдарының хабарлауынша кеше "Аккую" атом электр станциясына алғашқы жанармай әкелу рәсімі өтті. Онда сөз алған Түркия басшысы былай деді:

- "Әуе және теңіз арқылы келетін ядролық отынның электр станциямызға жеткізілуімен "Аккую" енді ядролық нысан мәртебесіне ие болды. Осылайша, еліміз 60 жылдық кешігуден кейін болса да, әлемдегі ядролық қуатты елдердің лигасына көтерілді".

Бүгінде әлемде 422 ядролық реактор жұмыс істеп тұрғанын және оның 57-сі әлі салынып жатқанын түсіндірген Ердоған сөзін былай деп жалғастырды:

- "Еуропалық Одақ электр энергиясының 25 пайызын атом энергиясынан алады. Өткен жылы Еуропалық комиссия ядролық энергияны "жасыл энергия" ретінде қабылдап, бұл мәселедегі екіұштылықты жойды. Біз Аккуюмен елімізді осы өзгерістердің бір бөлігі еттік. Жобамызды әуел бастан бері қолдаған Путин мырзадан бастап Ресей Федерациясының билігіне алғысымды білдіргім келеді. Электр станциясының құрылысына және өндірісті бастау процесіне қатысқан барлық түрік және ресейлік қызметкерлерді құттықтаймын", - деді Ердоған.

Сонымен қатар тікелей эфирде Президент Ердоған алғашқы жанар-жағармайды әкелумен ядролық нысан мәртебесіне ие болған "Аккую" атом электр станциясының экономикаға қосатын үлесіне тоқталды. Ұлттық табыстың артуына оң әсер ететінін айтқан Ердоған "Толық қуат іске қосылғанда мұнда жыл сайын шамамен 35 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Табиғи газ импортының азаюына жыл сайын 1,5 миллиард долларлық үлес қосатын бұл жоба ұлттық кірісіміздің артуына да оң әсер етеді" деді.

Аккую ұлттық бюджетке ауыртпалық түсірмейтін қаржыландыру үлгісімен жүзеге асырылды. Ресей мен Түркия арасындағы ең үлкен бірлескен инвестиция. Инвестициялық құны 20 миллиард долларды құрайтын бұл жоба Ресейдің тиісті мекемесі РОСАТОМ тарапынан салынып жатыр.

Бүгінге дейін Ресейде 300-ден астам түрік инженері ядролық сала бойынша білім алған.

60 жылға жоспарланған "Аккую" атом электр станциясының пайдалану мерзімін тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу