Мамандар мұндай жолақтардың саны әлі де көбейетінін айтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
"Ақылды" жаяу жүргіншілер жолағы арнайы жабдық арқылы жарықтандырылған. Ол жолаушының және жүргізушінің жолды оңай көруіне жағдай жасайды.
"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасының негізінде іске асырылған қызмет құралы қала тұрғындарының көңілінен шығып жатыр.
- Туған қаламыздың көркейгеніне, құлпырғанына қуаныштымыз. Қызылорда өте әсем әрі таза қалаға айналып келеді. Сондықтан, осындай жаңашылдықтар керек деп ойлаймын. Жаяу жүргіншілер жолының жаңа жобасын жұртшылық жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе, адамның қауіпсіздігі маңызды ғой, - дейді қала тұрғыны Нұрқанат Мүсілімов.
Ерекше құрылғы адамдар көп шоғырланған жерлерге қойылуда. Сонымен қатар, мектептердің жанына да орналастыру жайы жоспарланыпты.
- Қызылорда қаласы бойынша 40 "ақылды" жаяу жүргінші жолағын қоюды жоспарлаған едік. Қазіргі күні жұмыс толық аяқталған жоқ. Жаңа жолақтың жүргізушілер үшін пайдасы көп. Кей автокөлік иелері жаяу жүргіншілер жолын көрмей қалады. Жаңа жобаға жүргізушілер де, жолаушылар да оң баға білдіруде, - деді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.
Қала тұрғындарының арасында "ақылды" жолақтың сапасына мән беру керегін ескертетіндер бар. Қалай десек те, құрылғы тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі үшін қызмет етеді.