Ақмола облысындағы селден болған шығынды қалпына келтіру үшін 6,3 миллирд теңге керек, деп хабарлайды жергілікті коммуникация қызметі.
Өңір әкімі Малик Мурзалиннің баспасөз конференциясында айтқан мәліметіне қарағанда шенеуніктер құрылыс жүргізу мен қалпына келтіру жұмыстарын жасауға, сел зардаптарын жоюға үкіметтен 6,3 млрд теңге бөлуді сұраған
"Көктемде болған тасқын судан облыстағы жеті ауданның 34 елді мекенінде 839 үй зардап шекті. Ең қатты шығынға ұшыраған Атбасар ауданы болды. Мұнда 650 нысан, оның ішінде 644 тұрғын үй және транспорттық коммуникация шығын көрді", - делінген жергілікті коммуникация қызметі хабарламасында.
Әкімшіліктің берген мәліметіне сүйенсек, бұған дейін облыстық бюджеттен 513 млн теңге бөлінген, оның 189 млн теңгесі зардап шекккен жандарға көмек ретінде берілген.
"Жабай өзенінің тасуынан Атбасар қаласы тұрғындарының зардап шеккеніне төрт жыл болды. Бұл қаланың әлеуметтік жағдайына әсер етпей қоймайды. Аталған мәселені шешуде облыс әкімшілігі Жабай өзеніне бөгет құрылысын салуға шешім шығару үшін техникалық сарапшы комиссия құрылсын деп үкіметке ұсыныс жасады", - дейді Мурзалин.
Осы мақсатта құрылған арнайы комиссия 9 маусым күні Жабай өзенінің су жайылатын тұстарын анықтауға шықты. Комиссия тексеріс жұмыстарын жүргізіп, қауіпті аймақтарда қауіпсіздік шараларын жүргізуге нақты жоба жасалуы керек деп шешті.