Ақмола облысы Бұланды ауданында тағы да жантүршігерлік қайғылы оқиға болды. Жасөспірім өз әкесін пышақтап өлтірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұланды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне жедел жәрдем фельдшері пышақталған адамның мүрдесі табылғаны жөнінде хабарлаған.
Жедел іздестіру шараларын бастаған тәртіп сақшылары Макинск қаласындағы үйлердің бірінде 47 жастағы ер адам мен оның 12 жастағы ұлының арасында кикілжің болып әкесі баласын ұрып, оның артынан ұлы пышақтап тастағанын анықтады. Ауыр жарақаттан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
"Қаза болған ер адам жол ұйымында жүргізуші болып жұмыс істегені анықталды. Адам өліміне күдікті бала қала мектептерінің бірінде оқиды. Оқиға орнына барлық жедел қызмет өкілдері жетті. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.