6 желтоқсан күні сағат 17:05-те Аршалы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Екатеринбург-Алматы автожолының 1 318 шақырымында Шөптікөл бекетінің маңында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Toyota Highander маркалы автокөлігінің жүргізушісі Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны рульді басқара алмай, Нұр-Сұлтан қаласының 44 жастағы тұрғыны жүргізген алдында тұрған Kia Rio маркалы автокөлігімен және Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғыны жүргізген Toyota RAV-4 маркалы автокөлігімен соқтығысқаны анықталды.
ЖКО нәтижесінде Аршалы ауданының орталық аудандық ауруханасына үш автокөліктің жүргізушілері мен 7 жолаушысы жеткізілді. Оның ішінде 16 жастағы жасөспірім және нәресте бар. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.