Бурабай ауданының прокуратурасы Щучинск қаласының тұрғындарынан түскен өтініштер негізінде мүгедектігі бар адамдарға "Инватакси" қызметін көрсету кезінде олардың құқықтарының сақталуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу кезінде техникалық ерекшелікке әрбір қызмет алушыға көрсетілетін қызмет сағатына шектеу қойылғаны анықталды. Алайда қолданыстағы қағидаларда мұндай талап қарастырылмаған.
Сонымен қатар "Инватакси" қызметінің түнгі уақытта, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс тәртібі нақты белгіленбеген. Бұл азаматтардың көлік қызметіне тең қол жеткізуіне кедергі келтірген.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 31 адамның, оның ішінде 25 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қалпына келтірілді.
Сондай-ақ техникалық ерекшелікке өзгерістер енгізіліп, әрбір қызмет алушыға бөлінетін "Инватакси" сағаттарын шектеу туралы талап мемлекеттік сатып алу шартынан алынып тасталды.