Ақмола облысы Есіл ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласына жүргізген талдау барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде дабыл түймесіне қызмет көрсету, тәулік бойы күзет қызметтері, сондай-ақ интерактивті панельдер, кеңсе жабдықтары және басқа да жеткізілген тауарлар үшін төлемдердің уақытылы жүргізілмегені белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылып, 33 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Шарттық міндеттемелер орындалып, оларға жалпы 42,6 млн теңге көлемінде төлем жасалды.
Аудан прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.