Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тергеу деректеріне қарағанда, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған. Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деген жалған мәліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, төрт өтінімде ұрғашы мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
ҚМА мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асқанын мәлімдеді. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.