Ақмола облысында қытайлық компаниялардың қатысуымен үш жел электр станциясы салынып, Жақсы ауданындағы элеватор жаңғыртылады. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі 506 млн доллар болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматыда өткен "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған жобалар бойынша қытайлық бизнес өкілдерімен екі келісімге қол қойды.
SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. Ақмола облысында жалпы қуаты 450 МВт болатын үш жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Оның бірінің қуаты 300 МВт болады және ол Есіл ауданында орналасады. Қуаты 50 және 100 МВт болатын тағы екі станция Зеренді ауданында салынады.
Жобаларға 500 млн долларға дейін инвестиция салынып, оларды 2026-2028 жылдары іске асыру көзделген. Нысандар іске қосылғаннан кейін 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
"Бүгін қол қойылған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы. SUNGROW компаниясымен бұрыннан бері нәтижелі жұмыс істеп келеміз. 2023 жылы Аршалы ауданында жалпы қуаты 221 МВт болатын жаңартылатын энергия жобалары іске асырылды. Инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асты. Жаңа жоба жаңартылатын энергетика қуатын арттырып, жеке инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әкімдік жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қажетті қолдау көрсетеді", – деді облыс әкімі.
Жел электр станцияларын салуға қажетті дайындық жұмыстары аяқталған. Жер учаскелері рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында басталмақ.
Форум барысында Жақсы ауданының Қазақ ауылындағы элеваторды жаңғырту жобасы да талқыланды. East Hope Group компаниясы кәсіпорынды сатып алып, қазіргі уақытта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жобаға 6 млн доллар инвестиция салынады. Құрылыс жұмыстарының 80%-ға жуығы аяқталған. Жаңғыртылған кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіре алады. Сонымен қатар мұнда бидай қабылданып, сақталып және өңделеді.
Элеваторды қазан айында іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.