Ақмола облысының Целиноград ауданында балыққа арналған жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның құны 7 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылып, 75 адамды жұмыспен қамтиды.
Жобаны өңірде балық өсірумен айналысатын "Poseydon" ЖШС жүзеге асырады. Жаңа зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін экструдталған жем өндіре алады. Өнім балықтың тұқы және албырт тұқымдас түрлеріне арналған.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Өңір басшылығы жобаны іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Зауыттың ашылуы балық шаруашылығының импорттық жемге тәуелділігін азайтып, отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
"Біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға мүдделіміз және жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге, су айдындарын балықтандыру үшін шабақтар мен жем жеткізуге, сондай-ақ мамандарды оқытуға дайынбыз. Өз өндірісіміздің болуы балық шаруашылықтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға жол ашады", – деді "Poseydon" ЖШС бас директоры Ербол Сүлейманов.
Айта кетейік, "Poseydon" ЖШС аумағы 10 гектар болатын аквафермада кемпірқосақ бақтақ өсіреді. Кәсіпорын жылына 70 тонна тауарлық балық өндіреді. Мұнда балықтан түрлі өнімдер дайындалып, Астанаға және Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізіледі.