Ақмола облысында адам саны аз 55 ауыл жойылуы мүмкін

1081

Ақмола облысында келешегі жоқ, тұрақты халқы 50 адамнан аспайтын 55 ауыл жойылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақмола облысында адам саны аз 55 ауыл жойылуы мүмкін

Ақмола облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бүгінде ауылдарда 385 мың адам немесе өңір халқының жалпы санының 52 пайызы тұрады (733,9 мың адам).

Ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, халықтың ауылдық жерлерден кетуі байқалып отыр.

"Өңірде 10 жыл ішінде ауыл тұрғындарының саны 5 мың адамға азайды, бұл ретте қала тұрғындарының саны 7,6 мың адамға өсті. Урбанизация процесінің үдейе түсуі ауылдар санының тұрақты азаюына алып келуде. Теріскейдегі керегесі сөгілген ауылдардың саны алдағы жылдарда көбеймесе, азаятын түрі жоқ. "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Заңға сәйкес тұрақты халқы 50 адамнан аспайтын ауылдар жойылуы тиіс. Ақмола облысында мұндай 55 ауыл бар. Өңірдегі түтіні үзілгелі тұрған елді мекендерде жалпы саны 1647 адам ғана тұрады. Соның ішінде Бурабай ауданындағы Жаңатуған ауылында адам мүлдем жоқ", - дейді Ақмола облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, 2011 жылдан бері облыста жалпы саны 740 адам болатын 34 ауыл таратылған.

"Облысымызда барлығы 589 ауылдық елді мекен бар, оның тең жартысының перспективасы бар ауылдар. Ол "Ауылдық елді мекендерді айқындау үшін өлшемшарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің (2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81) бұйрығымен белгіленген 15 көрсеткіш бойынша бағалау қорытындысымен айқындалған. Бұл ауылдарда 364 мың адам, яғни өңірдегі ауыл халқының 86 пайызы тұрады", - деп толықтырды Фариза Байманова.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу