Ақмола облысында білім бөліміндегілер төрт мұғалімді сотқа берді

527

Бюджет қаражатын пайдалану бойынша тексеру комиссиясымен бірқатар қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Ақмола облысында білім бөліміндегілер төрт мұғалімді сотқа берді Фото: kazbilim.kz

Ақмола облысында білім бөліміндегілер төрт мұғалімді сотқа берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот білім бөлімі басшысының орынбасары А.-ға, ауыл мектептерінің мұғалімдері Д., И., Н.-ға негізсіз байыту сомасын өндіріп алу туралы аудандық білім бөлімінің талап-арызы бойынша азаматтық іс қарады.

Нәтижесінде 2021-2022 жылдары жалақыны негізсіз есептеу және аудару жүргізілген, атап айтқанда: қате табелдеу арқылы А.-ға жалақы және еңбек демалысы сомасы аса төленген; Д.-ға орындалмаған жұмыстар үшін; И. және Н.-ға санаттарын дұрыс анықтамаудан артық төлемдерге жол берілгені анықталды.

Осының негізінде тексеру комиссиясы білім бөліміне нұсқау шығарды: анықталған заңбұзушылықтарды жою, заңбұзушылықтарға жол берген тұлғаларға жауапкершілік шараларын қолдану, бюджет кірісіне дұрыс төленбеген сомаларды өтеу.

Нұсқаманы орындау мақсатында, білім бөлімі бухгалтерияның мамандары мен экономисі тәртіптік жазаға тартылған. Ал соманы сот тәртібінде жауапкерлерден өндіріп алуды сұрады: А.-дан - 1 805 000 теңге, Д.-дан - 616 000 теңге, И.-ден - 66 000 теңге, Н.-нан - 584 000 теңге.

Сотта келесі анықталды:

* Жауапкерлерге көрсетілген сомалар жалақы ретінде берілген: А. төрт мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегені үшін, Д. мектеп-гимназияда жұмыс жасағаны үшін, И. және Н. мектепте мұғалім болып жұмыс істегендері үшін алған.
* Төленген сомалар қайтарылуға жатпайтын жалақының құрамына кіреді, өйткені мұғалімдер адал еңбегімен алған.
* Білім бөлімі нұсқамада көрсетілген фактілер бойынша қызметтік тергеу жүргізбеген, жауапкерлерге тәртіптік жауапкершілік шаралар қолданбаған, жауапкерлер тарапынан әділетсіздіктің дәлелдері сотқа ұсынылмады.
* Нұсқаманы орындайтын жалақы алған мұғалімдер емес, мемлекеттік орган, яғни білім бөлімі орындауы керек.

Жоғарыда айтылғанның негізінде сот білім бөлімінің мұғалімдеріне негізсіз байыту сомасын өндіріп алу туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу