Ақмола облысында браконьерлердің соңына түскен "Охотзоопром"-ның екі инспекторы оқ жарақатын алды. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
"23 шілде күні сағат шамамен 11:00-де Ақмола бекініс пунктінің "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-ның орталық өңірлік филиалының инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды анықтау және алдын-алу шаралары барысында Ақмола облысының Жарқайың ауданы аумағында киік ату фактісін анықтаған", – деп жазды комитет баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында.
Браконьерлерді қуу кезінде ақ түсті "Нива" көлігінен оқ жауып, осының салдарынан екі инспектор жарақат алған.
"Инспекторлардың бірінің жағдайы өте ауыр, ессіз жатыр. Тап қазіргі уақытта жарақат алған инспекторлар Державинск қаласының аудандық ауруханасына әкелінуде, ол жаққа санавиация жіберілген", – деп нақтылады комитеттің баспасөз хатшысы.
Полиция күдіктілерді іздестіріп жатыр.