Ақмола облысында ДНҚ талдауы 23 жыл бұрынғы кісі өлімін ашуға көмектесті

217

23 жыл бұрынғы қылмыстың құрбаны – 1973 жылы туған Ақкөл қаласының тұрғыны.   

Ақмола облысында ДНҚ талдауы 23 жыл бұрынғы кісі өлімін ашуға көмектесті Фото: polisia.kz

Ол кешкі уақытта көшеде бейтаныс адаммен жолығып, сол күйі үйіне оралмаған. Келесі күні әйелдің денесі жергілікті стадион маңындағы қоғамдық дәретханадан табылған, деп жазады inbusiness.kz сайты polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Марқұмның денесінде көптеген жарақаттар болған. Оқиға кезінде жедел-іздестіру шаралары шұғыл түрде жүргізіліп, күдіктінің биологиялық ізі алынғанымен, ол кезде қылмыскердің жеке басын анықтау мүмкін болмаған.

Жантүршігерлік қылмыс осылайша ұзақ уақыт ашылмай қалады. Арада жылдар өтсе де, жедел уәкілдер қылмыстық істі қайта-қайта қарап, дәлелдемелерді жіті зерттеуді тоқтатпады. Заманауи молекулалық-генетикалық сараптаманың көмегімен күдіктінің ДНҚ-профилі анықталып, жаңа деректерге қол жеткізілді.

2025 жылдың 2 қазанында ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен полицейлер арнайы операция жүргізіп, кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен 60 жастағы Ақкөл қаласының тұрғынын ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлердің айтуынша, бұл істің ашылуы – "ешбір қылмыс жазасыз қалмайды" деген қағидаттың айқын дәлелі.

Жедел уәкілдер алдағы уақытта да өткен жылдардағы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу