Ақмола облысында егіннің 20 пайызы жиналды

357

Биыл облыстағы егістік көлемі – 5,3 миллион гектар.

Ақмола облысында егіннің 20 пайызы жиналды Фото: inbusiness.kz

Ақмола облысында егіннің 21 пайызы жиналды, қазір гектарына 5,7 центнерден айналып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мәлім етті.

Биыл облыстағы егістік көлемі – 5,3 миллион гектар. Оның 4,9 миллион гектарында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 197 мың гектарда майлы дақылдар және 223,4 мың гектарда жемшөп бар. Бүгінде облыс бойынша 1029,7 мың гектар алқаптағы егін орылып, оның 585,4 мың гектары бастырылды.

Бұл – барлық егіс алқабының 21 пайызы. Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 5,7 центнерден астық жиналып жатыр. Науқанға 8,9 мыңнан астам комбайн, оның ішінде 4,7 мыңнан астам бірлік қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайн, 2,6 шалғы, 4,8 жүк көлігі тартылған. Егін жинауға мемлекет тарапынан арзандатылған 90,5 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Сонымен бірге, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін "Кен Дала" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беру шеңберінде 39,5 миллиард теңгеге 444 ауыл шаруашылығы құрылымдары қаржыландырылды.

"Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 4,1 миллиард теңге бөлінді, 54 субъект қаржыландырылды, 59,2 мың тонна астыққа келісімшарт жасалып, тауарлы несие түрінде 17 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 66 мың тонна астық жіберілді", дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, өңірде жаңа түскен астықты 72 астық қабылдау пункті қабылдайды. Олардың жалпы сыйымдылығы – 4,8 миллион тонна. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдарының меншігінде жалпы сыйымдылығы 2,4 миллион тоннадан асатын жеке астық қоймалары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу