Ақмола облысында екі әжей қарыз ақша үшін төбелесті

219

Іс сотқа дейін жетті.

Ақмола облысында екі әжей қарыз ақша үшін төбелесті Фото: zakon.kz

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы жеңіл дене жарақатын келтіру дерегі бойынша екі әжейге қатысты істі қарап, үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға Макинск қаласында болған. 72 жастағы әйел 89 жастағы туысының үйінің кіреберісінде жәбірленуші К.-мен кездесіп, қарызды қайтармағаны үшін ұрыс шығарған.

Айқай-шудан кейін жәбірленушінің жұбайы мен қарт туысы сыртқа шыққан. Осы сәтте К. баспалдақтан сүрініп, құлап қалған. Мұны пайдаланған екі әйел оны шашынан ұстап, басынан бірнеше рет жұдырықпен ұрған.

"Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, "жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы" диагнозы қойылған. Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің арызымен, медициналық қорытындылармен, сараптама нәтижелерімен, куәгерлердің айғақтарымен және оқиға орнын қарау материалдарымен дәлелденген", – делінген сот хабарламасында.

Бірінші сатыдағы сот екі әйелді 7 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесіп, пробациялық бақылау белгіледі.

Сонымен қатар, олардан ортақ тәртіппен 130 мың теңге материалдық шығын, 500 мың теңге моральдық өтемақы және 200 мың теңге өкілдік шығын өндірілді.

Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімдері заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу