Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Ерейментау ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі мал шаруашылығы кластерін дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімі "Жаңа-Береке-Репродуктор" ЖШС-нің бордақылау алаңына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Шаруашылық өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады, 46,8 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын пайдаланады. Кәсіпорында 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қазіргі уақытта шаруашылықта 3,8 мың бас ірі қара және 5 мыңға жуық қой өсірілуде. Кәсіпорын басшысы Айдар Нигметов өндірістік мүмкіндіктер, мал бордақылау жұмыстары және даму жоспарлары туралы баяндады.
Сапар барысында кепілдік міндеттемелерін талап етпейтін, 50/50 қағидаты бойынша жүзеге асырылатын тауарлық кредиттеу тетігі бойынша алғашқы келісімдерге қол қойылды. Осы жоба аясында "Жаңа-Береке-Репродуктор" ЖШС "Нурали" және "Береке 5" шаруашылықтарына 200 бас қой беру туралы келісім жасады.
Сондай-ақ "Торғай" консорциумы аумағында қалмақ тұқымды ірі қара өсіруге бағытталған ірі инвестициялық жоба таныстырылды. Жоба бойынша бастапқы кезеңде 7,5 мың бас мал өсіру, ал 2030 жылға қарай аналық мал басын 22,5 мың басқа жеткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, "Торғай" ЖШС мен "SeletaAgroInvest" ЖШС арасында 150 бас қалмақ тұқымды ірі қараны беру жөніндегі алғашқы тауарлық кредит шарты жасалды.
Марат Ахметжанов "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысушы "Қарағайлы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Кооператив 2025 жылы жеңілдетілген несие арқылы 100 саулық қой сатып алған. Қазіргі таңда шаруашылықтағы қой саны үш есеге жуық өсіп, 280 басқа жетті.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар ауыл шаруашылығын дамытуға, ет өндірісін арттыруға және экспортқа бағытталған мал шаруашылығы кластерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.