Ақмола облысында қарттарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

335

Жаңа нысан зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізуіне және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді.  

Ақмола облысында қарттарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды Фото: gov.kz

Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Державинск қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Жаңа әлеуметтік нысан аға буын өкілдерінің бос уақытын пайдалы өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және қоғаммен белсенді байланыста болуына жағдай жасайды.

Орталықта тренажер залы, бильярд және үстел теннисі бөлмелері, йога сабақтарына арналған орын, ұлттық қолөнер кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ вокалдық топ құрылып, шахмат пен дойбы ойнауға мүмкіндік қарастырылған.

Өңір басшысы аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орталықтар зейнеткерлердің белсенді өмір салтын сақтап, тәжірибесін кейінгі буынға жеткізуіне мүмкіндік береді.

Орталық балалар музыка мектебі мен шығармашылық орталығымен бір ғимаратта орналасқан. Бұл ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.

Жаңа нысанға күн сайын шамамен 30 қала тұрғыны келеді деп жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу