Атбасар ауданының полиция бөліміне жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен ірі көлемдегі қаржылық шығын туралы өтініш түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында кәсіпорында 4,5 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылғаны анықталған. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлігіне (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бұл іске серіктестікте экспедитор болып жұмыс істеген екі жергілікті тұрғынның қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Тергеушілер олардың ықтимал рөлін жан-жақты тексеруде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұн жеткізумен айналысқан экспедиторлар тұтынушыларға өнім қарызға берілді деп есеп берген. Алайда тексеріс нәтижесінде есеп айырысудың іс жүзінде қолма-қол ақша арқылы жүргізілгені белгілі болды.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге кадрларды іріктеу кезінде сақтық танытып, қызметкерлердің адалдығына мұқият көңіл бөлуге кеңес береді.