Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

134

Су қоймаларындағы бос сыйымдылық көлемі 175 млн текше метр.

Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр Фото: gov.kz

Ақмола облысындағы "Қазсушар" РМК филиалына қарасты нысандарда алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында жоспарлы әрі күнделікті жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Астана су қоймасына, Преображенск гидроторабына және Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суынан қорғауға арналған инженерлік құрылысжайлар кешеніне 600 тоннадан астам инертті материал жеткізілді. Кенбидайық гидроторабында көтергіш механизмдердің шынжырлары ауыстырылды. Краснобор су қоймасының еңістерін бут таспен бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Су шаруашылығы нысандарына және өндірістік учаскелер аумағына баратын кірме жолдар қардан тазартылып жатыр. Халықты ескерту жүйесіне сынақ жүргізілді. Су қоймаларындағы тасқын суды өткізу және жинақтауға арналған бос сыйымдылық көлемі 175 млн текше метрді құрайды.

"Жұмыстар 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша бұрын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Филиалға қарасты барлық су шаруашылығы нысандарында тұрақты мониторинг жүргізіліп, жедел әрекет етуді қамтамасыз ету үшін жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жұмыстары белсенді түрде атқарылуда", – деді Ақмола облысындағы "Қазсушар" РМК филиалының директоры Ербол Әскербеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу