Ақмола облысында жеңіл үсік шалып, көлікте қатып қалған жүкті әйел мен қолы сынған баланы Ерейментау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов тапты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Аталмыш оқиға 10 қаңтарда кешке таман Ерейментау ауданында орын алды. Еркіншілік ауылының тұрғындары ұлын жоспарлы тексеруден өткізу үшін аудан орталығына бармақшы болған. Салонда қолы сынған бала, жүкті анасы мен көлікті жүргізген әкесі болған", - деп түсіндірді Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бір сәтте көлік "Ерейментау-Торғай" бағытынан бұрылып кеткен, ер адам су іздеп әкелмекші болып адасып кеткен. Далада желдің жылдамдығы секундына отыз метр, ал көріну нөлге тең.
Жолдасын ұзақ күтіп, жүктіліктің 30-шы аптасында болған әйел жедел жәрдем мен құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
"Ерейментау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов көмекке мұқтаж жандардың хабарламасын алып, дереу "Трэкол" маркалы көлікпен жолға шыққан. Алайда, нөлдік көріну салдарынан құтқарушыларға далада адасып қалғандарды жаяу іздеуге тура келді", - делінген баспасөз хабарламада.
Ресми мәліметке сәйкес, өзін жеңіл үсік шалғанмен бөлім бастығы іздеуді тоқтатпаған. Ол жүкті әйел мен баласы бар көлікті нөлдік көріну жағдайында әзер тапқан. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қай жерде тұрғандарын әріптестеріне айтып, жол талғамайтын көлікке қарай жаяу бет алған.
Анасы мен баласы құтқарушылардың көлігімен жедел-жәрдем қызметкерлеріне жеткізілді. Сонымен қатар, әйелдің жұбайы жақын маңдағы блок-бекетке аман-есен жеткен.
Қуанышқа орай, құтқарылғандардың өмірі мен іштегі балаға қауіп төнген жоқ. Дауылды, аязды күндерде мұндай қуанышты оқиғалар жиі болады.