Ақмола облысында қызметтік міндетін атқару кезінде апатқа түскен полицей көз жұмды

382

Қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған.

Ақмола облысында қызметтік міндетін атқару кезінде апатқа түскен полицей көз жұмды Фото: inform.kz

Ақмола облысында жол апатынан ауыр жарақат алған полиция қызметкері ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салғанымен, аман алып қалу мүмкін болмады.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 4 қарашада полиция капитаны Данияр Таев көз жұмды. Ол қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатына ұшыраған.

– Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. JAC көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен қызметкерлері қаза тапқан полицейдің отбасы мен жақындарына көңіл айтады,  – деп хабарлады ведомство.

Апаттан кейін полицей Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оның жағдайы аса ауыр болған. Ер адам комаға түскен.

Кейін дәрігерлердің бірлескен шешімімен науқас Астанадағы №2 көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстырылған. Алайда ақ халаттылардың барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

– Дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық шараны жүргізгенімен, науқастың өмірін сақтап қала алмады. Ол жол апатынан алған ауыр жарақаттарының салдарынан қайтыс болды,– деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу