Ақмола облысының екі бірдей ауданынан ежелгі дәуірде өмір сүрген мамонттың сүйегі табылды, деп хабарлайды khabar.kz.
Жақсы ауданындағы Сандық өзенінің маңынан қазып алынған пілтұқымдас жабайы жануардың тістері мен мүйіздерін жергілікті тұрғындар байқап, археологтарға хабар берген. Ал Шортанды ауданына қарасты Жолымбет ауылының маңынан табылған сүйек сынықтарын құрылысшылар қойма салу кезінде тапқан екен. Олжаның барлығы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды.
"Бұл орындар терең зерттеуді талап етеді", – дейді мамандар. Себебі Жақсы ауданындағы Сандық өзенінің жағасында 8 метр тереңдікте мамонттың тұтас қаңқасы жатқан көрінеді. Сондықтан жергілікті археологтар Алматы қаласынан палеонтологтарды арнайы шақыртып отыр.
"Екі ауданда табылған қаңқа бөлшектері бір дәуірге тиесілі. Шамамен 40 мың жыл бұрын жойылып кеткен мамонттардың сүйектері. Ал палеонтологтар бізге көктемде келеді. Әзірге бұларды басқа да осыған ұқсас жәдігерлермен салыстырады", - дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Қуаныш Шақшаков.