Ақмола облысында мектеп шатырынан 9-сынып оқушысы құлап кетті

815

Осыған байланысты полиция іс қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінеп сілтеме жасап.  

Ақмола облысында мектеп шатырынан 9-сынып оқушысы құлап кетті

Қыркүйектің 10-ында сағат 12:25-те Ақкөл аудандық орталық ауруханасының медбикесінен "жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бас сүйегінің сынуы" диагнозымен 14 жастағы жасөспірімнің қабылдау бөлмесіне жеткізілгені туралы телефон хабары түсті.

Анықталғандай, 10 қыркүйекте сағат 10:00 шамасында кәмелетке толмаған бала Ақкөлдегі Ж.Бектұров атындағы №3 орта мектепке келген. Еңбек шартын жасаспай мектеп ғимаратын жөндеуді жүзеге асыратын қосалқы мердігер ұйымның бригадирінің тапсырмасын орындаған.

Техперсоналдың айтуынша, кейінірек бала ғимараттың төбесінде жүргенінде, аяғы тайып, жерге құлаған. Жедел медициналық көмекті оқу орнының медбикесі шақырды. Бүгінгі таңда мектеп қашықтан жұмыс істейді. Зардап шеккен кәмелетке толмаған бала таңертең бейнеконференция арқылы мектеп сабақтарына қатысқан. Ал, баланың мектеп аумағында жүргендігін мектеп директоры да білмеген.

Баланың зардап шеккендігін облыстық білім басқармасындағылар да растады.

"Иә, расында да, бұл мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшы зардап шекті, ол мектеп оқушысы болып шықты. Қазіргі уақытта бала өз өзіне келді, жарықты сезеді, көзін ашады. Аудандық аурухана дәрігерінің мәліметінше, санавиация дәрігері тексеріп, бала облыстық ауруханаға тасымалдауға мұқтаж еместігін айтты. Осы оқиға бойынша аудандық полиция бөлімі тарапынан тергеу жүргізілуде", - деді білім басқарманың баспасөз қызметіндегілер.

Полиция департаментінен атап өткендей, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 156 бабының 2 бөлігі "еңбекті қорғау ережелерін абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан бұзушылық" бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу