Ақмола облысында "Меридиан" Халықаралық армия ойындары басталды

665

Ақмола облысының Щучинск қаласында Халықаралық армия ойындары аясында топогеодезиялық есептоптар арасында өтетін жарыстың жеребе тастау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында "Меридиан" Халықаралық армия ойындары басталды

Оның нәтижелері бойынша командалар мынадай тәртіппен өнер көрсетеді: Вьетнам, Өзбекстан, Қытай, Беларусь, Ресей, Армения және Қазақстан. Венесуэла бұл сайыстың бақылаушысы.

Одан өзге мандаттық комиссияның отырысы өтті. Конкурсқа қатысушы елдер таныстырылып, қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық өткізілді.

– Әскери топографтардың жарысы еліміздің аумағында алғаш рет өтеді. Аласа таулардың, ұсақ шоқылар мен жазық жерлердің болуы мұндай сайысты ұйымдастыруға тамаша мүмкіндік. Біз жарысқа дайынбыз. Жеребе тасталды. Енді Армия халықаралық ойындары ресми түрде ашылғаннан кейін топогеодезиялық есептоптардың жарыстары да басталады, – деді Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы полковник Серік Жолдыбаев.

Бұл сайыс үш кезеңнен тұрады: "Атыс шебі", "Азимут" және "Топографиялық квадратлон". Атыс жарысының жеңімпазы жинаған ұпай санына қарай анықталады. Екінші кезеңде топографтарды дайындау деңгейі арнайы тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен берілген бағыт бойынша барлық бақылау нүктелерінен өткенін тіркеу арқылы бағаланады.

Жарысты топографиялық квадратлон кезеңі аяқтайды. Әскери қызметшілерге бірқатар арнайы тапсырмаларды орындау қажет. Олардың ішінде аспалы полигонометриялық жүріс, түрлі кедергілерді еңсеру және арнайы құралдардың көмегімен объектілердің географиялық координаттарын анықтау бар екенін атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу