Ақмола облысында тұңғыш рет "World Skills Kazakhstan-2017" наубайшылар жарысы өтті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Атбасардағы №11 Агротехникалық колледжінде тұңғыш рет ұйымдастырылған жарысқа облыстағы 7 колледждің студенттері қатысты. Жеңімпаздар қамыр илеу, майқоспа тоқаш пісіру, нан, круассан пісіру бойынша анықталды.
Жарыс қорытындысына сай, бірінші орынға Астрахан селосындағы №6 агротехникалық колледжінің оқушысы Анна Горбунова лайық деп танылса, екінші және үшінші орындарды Красный Яр селосындағы №3 агротехникалық колледжінің студенті Данил Рудницкий мен Атбасар қаласындағы №11 агротехникалық колледжінің оқушысы Кристина Стихина өзара бөлісті. Жеңімпаздарға "World Skills Kazakhstan-2017" кубогі мен облыстық білім басқармасының 1,2,3 дәрежелі дипломдары тапсырылды. Сондай-ақ, қазылар алқасының шешімен Анна Горбунова Астана қаласында өтетін Ұлттық чемпионатта Ақмола облысының намысын қорғайтын болды.