Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова үкімет қай елге, қашан, қандай көмек көрсететінін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта барлық ел бір-біріне көмек көрсетіп жатыр. Елімізге де басқа мемлекеттер гуманитарлық көмек беруде. Расында да Қазақстан үкіметі Тәжікстанға жылдың соңына қарай портативті өкпені жасанды желдету аппараты түріндегі гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарастыруда. Бұл портативті аппарат екенін атап өткім келеді. Ол пациентті жедел жәрдем көлігімен тасымалдау үшін қолданылады", – деді Людмила Бұйрабекова.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, портативті өкпені жасанды желдету аппараты Ақмола облысында шығарылады.
"Кәсіпорын түркиялық компаниямен бірге портативті өкпені жасанды желдету аппаратынан бөлек қазіргі уақытта бізге аса қажетті болып отырған стационарлық өкпені жасанды желдеу аппаратын шығаруды жоспарлауда. Өндіріс таяу аралықта жолға қойылады және жыл соңына дейін еліміздің барлық ауруханаларын қажетті портативті және стационарлық өкпені жасанды желдету аппараттармен қамтамасыз етеді", – деді Людмила Бұйрабекова.
Қанат Махамбет