Ақмола облысы Атбасар ауданындағы отбасы манты пісіреміз деп оқыс оқиғаға тап болды. 3 жастағы баланың үстіне ыдыстағы ыстық су құйылып, соның салдарынан денесінің 80 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер соңғы кезде мұндай оқиғалар жиіліп кетті деп дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды 31арна.
3 жасар баланың үстіне мантыға дайындалған ыстық су құйылып, осының салдарынан денесінің 80 пайызы күйіп қалды. Ауыр халде Көкшетаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген балаға дәрігерлер ота жасады.
"Бізге түскенде жағдайы ауыр болды. Ота жасалып кеуде тұсына аяқ бөлігінен тері алып жаптық.Тері денесіне жақсы бітіп келеді. Қазір жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Екінші ота жасауды жоспарлап отырмыз", – деді Ақмола облыстық балалар ауруханасының хирургиялық жұмыстар бойынша меңгерушісі Нұрлан Түсіпбеков.
Облыстық балалар ауруханасына жылына 100 ге жуық бала күйікпен түседі. Олардың 80 %-ы 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Мұндай жастағы балаларды үнемі қадағалап отыру қажет және ас үйден аулақ ұстаған жөн. Ал ережені ескермей, бала күйіп қалса қараушы алғашқы көмек көрсеткен абзал дейді дәгігерлер.