Ақмола облысында өткен тәулікте 100-ге жуық шетелдік жолаушы құтқарылды

829

Ақмола облысында өткен тәулікте 100-ге жуық шетелдік жолаушы құтқарылды

Ақмола облысында аяздың салдарынан шетелдіктер отырған автобус істен шығып, жолаушыларға шұғыл көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша қатты аязға байланысты облыста тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бір тәуліктің ішінде полицейлер жолаушыларға лық толы үш автобусқа көмек көрсетті.

"21 қаңтар күні түнгі сағат 23:45-тер шамасында "Астана-Петропавл" тасжолының бойында "Петропавл - Сарыағаш" бағытындағы "Van Hool" атобусының дизель отыны аяздан қатып қалған. Сол кезде, көлік ішінде 43 адам отырған. Оның ішінде екі жүргізуші Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да, қалғаны Өзбекстан Республикасының азаматтары. Аталмыш жолда кезекшілік жасап жүрген тәртіп сақшылары мен құтқарушылар автобусқа көмекке келіп, жүргізушісі мен жолаушыларын Шортанды ауданының Бозайғыр ауылындағы кәсіптік техникалық училищесіне жайғастырды.

Оған қоса, ыстық тамақ беріліп, түнейтін орынмен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, "Көкшетау-Астана" тасжолының бойында 10 жолаушысы бар "Хюндай старекс" шағын автобусының дизель отыны қатып, істен шыққан. Бұл жолы аталмыш көлік жолаушылары өзге көліктерге отырғызылып сапарларын одан әрі жалғастырды.

Ал, 21 қаңтар күні түнгі сағат 01:50-лер шамасында Бұланды ауданының Макинск қаласы маңында "Мерке-Түмен" бағытындағы "Сетра" рейстік автобусы да сынып жолаушылар жолдан қалған. Бұл жолаушылар автобусының ішінде 55 жолаушы мен 2 көлік жүргізушісі болғаны анықталды. Жолаушылардың барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары. Олардың барлығы Макинск қаласына жеткізіліп, ыстық тамақ және түнейтін орынмен қамтамасыз етілді, деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу