Ақмола облысында теміржол бойында жүрген жылқылардың салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркелді.
11 наурыз күні таңертең Торғай – Сілеті теміржол аралығында Ерейментау – Алтынтау бағытымен келе жатқан жүк пойызының машинисі жол үстінде жүрген жылқыларды байқап, шұғыл тежеу қолданған.
Алайда апаттың алдын алу мүмкін болмай, пойыз 11 жылқыны қағып кеткен. Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы 23 минутқа кідірді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында көлік полицейлері жылқылардың иесін анықтады. Ол – Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін 35 жастағы мал бағушы. Ер адам теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері пойыз машинистерінің шұғыл тежеу қолданған 234 фактісі тіркелген. Оның 61-і теміржол бойында адамдардың жүруіне, 167-сі үй жануарларының болуына байланысты болған.
Көлік полицейлері теміржол маңында мал жаю қауіпсіздік талаптарын бұзатынын ескертіп, мал иелерін жануарларды қараусыз қалдырмауға шақырды.