Ақмола облысында полицияның экс-басшыларына қатысты сот үкімі шықты

993

Көкшетау соты облыстық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары, полковник Асан Сәдуов пен Қаржылық қамтамасыз ету басқармасының экс-басшысы, полковник Сәуле Жұмалинаны сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ақмола облысында полицияның экс-басшыларына қатысты сот үкімі шықты

"Сот үкімімен айыпталушылар Сәдуов пен Жұмалина Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 369-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Олар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айрылып, жазасын 8 жыл қауіпсіздігі орташа колонияда өтесін", – деді судья Ринат Шакуанов.

Сот үкіміне сәйкес, екі айыпталушы да полиция полковнигі шенінен айрылды.

Екі сотталушы да өз кінәсін мойындаған жоқ. Олар сот залында қамауға алынды. Осыған дейін айыпталушылардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған еді.

Айта кетейік, 2019 жылғы мамыр-қыркүйекте Көкшетауда қаржылық қамтамасыз ету басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары мен басшысы адамдармен алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бюджет қаражатын жымқырды, мемлекеттің, ұйымның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірді, сондай-ақ қызметін адал атқармады, 17,4 млн теңге мөлшерінде материалды залал келтірді деген айып тағылған.

Сотталушылар қылмыстық жоспар әзірлеп, пайда табу ниетімен әрекет етіп, облыс өңірлеріне қызметкерлердің жалған іссапарлары және негізсіз сыйлықақылар туралы бұйрықтардың жобаларын дайындауды, бұйрықтарға енгізілген қызметкерлерден ақшалай қаражатты одан әрі жинауды ұйымдастырған.

2019 жылғы қазанда олар облыстық полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бірлескен операциясы барысында ұсталған еді.

Қамауға алынғаннан кейін Асан Сәдуов ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметінен босатылды. Ол екі жыл бойы полиция департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған, ал Сәуле Жұмалина ішкі істер органдарында 20 жыл еңбек еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу